Хабар телеарнасы

Жыл басынан бері Көлсайға 14 мыңға жуық турист барды

Жыл басынан бері «Көлсай» ұлттық табиғи паркіне 14 мыңға жуық турист барды. Қыс мезгілінде де көрікті жерді көргісі келетіндердің саны артып келеді. Адам көп жиналатын жерде санитарлық тазалық мәселесі туындайды. Ал ерекше қорғалатын аймақта тазалық басты орында тұруы тиіс. Бұл ретте Көлсайдағы бақылау мен қадағалу жұмысы қалай атқарлып жатыр? Туризм инфрақұрылымын жақсарту үшін қанадай жобалар іске аспақ?

Алмас Садуақас, тілші:

- Биыл Көлсайға қатқан мұз қалыңдығы 40 см-ге жетті. Айнала аппақ, тап-таза. Осындай таза табиғатты ластаудың өзі ақылға сиымсыз дүние. Бірақ сансыз келіп жатқан туристер арасында ондайлар да кездеседі. Қазір инспекторлар көл бетінде қоқыс қалмауын қадағалап, тиісті амал атқаруда.

Өткен жыл қорытындысы бойынша Көлсай көлдерін тамашалауға 400 мыңға жуық турист келген. Жыл сайын  келушілер саны ұлғайып, табиғи парк қызметкерінің де жауапкершілігі артып отыр. Әсіресе экологиялық талапты бақылау, тазалықты сақтау өзекті мәселеге айналды. 

Елнұр Ахметов, «Көлсай көлдері» МҰТП директоры:

- Арнайы пакеттер таратылады қолдарына. Қоқыстарыңызды өздеріңізбен бірге ала шығыңыздар, бірге шығыңыздар деп. Және де өзіміздің волонтерлармен, туристік компаниялар бар, туристік фирманың гид-экскурсоводтары бар. Солармен де жұмыс атқарамыз. Және де өзіміздің туризм бөлімі және де мемлекеттік инспекторлар, орманшылар осы жерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатады ылғи да.

Қазір паркте «Жасыл даму» жобасы жүзеге асырыла бастады. Төменгі Көлсай көліне  қатты қалдықтарды іріктеп жинауға арналған 2 фандомат, 14 контейнер орнатылды. Көктемде 8 әжетхана жасалады. Табиғи аймақта серуендеуге арналған 9 маршрут бекітілген. Биыл екінші көлге баратын 8 шақырымдық жаяу соқпақ кеңейтіліп, көпірлер салынады. 

Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары:   

- Бір күнде Көлсайға он мың турист сыймауы мүмкін. Бұл жер базар емес, бұл демалатын жер. Адам келген кезде өзінің психологиялық жағдайы болсын табиғатпен үйлесімді демалғысы келеді. Қасында көп адам болмағанын ұнатады. Сол себіпті біз басқа туристік бағытарды ұсынып отырмыз.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Саты ауылындағы орта мектепте «Жас орманшылар» клубы ашылды. Енді инспекторлар оқушыларға шырша көшеттерін өсіру, егу, күтіп-баптаудың әдіс-тәсілдерін үйретеді. 

Заңғар Қырықбаев, оқушы:

- Шырша отырғызып жатырмыз. Осы шыршалар келешек ұрпаққа қалады деп ойлаймын. Біз өз Отанымызды, жерімізді, табиғатымызды қорғауымыз керек деп ойлаймын.  

Биыл Төменгі Көлсай көлінің оң жақ жағалауына 1,5 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол жасалады. Бұған қоса көлік тұрағына арналған 2 гектар жер белгіленді. Құрылысы жазға жуық басталады.

А.Садуақас, В.Лобанов