Қызылордада «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді
Қызылорда қаласының КБИ ықшамауданынан «Жайлы мектеп» ашылды.
Бұған дейін мұндағы 950 оқушы ескі жатақхананың ғимаратында білім алып келген. Ескі мектеп сүріліп, орнына жаңасы салынды. 600 орынды білім ұясы заманауи талапқа сай жабдықталған. «Жайлы мектептің» аумағы 9 мың шаршы метрге жуық.
Ұлттық жоба бойынша Қызылорда облысында барлығы 21 «Жайлы мектеп» салынуы тиіс. Соның 10-ын биыл пайдалануға беру жоспарланған болатын. Бүгінге дейін 4 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
Еркін Ақшалов, мектеп директоры:
- Мектебіміз 600 орындық. Екі ауысымға 1200 бала сияды. Барлық сынып бөлмелері, балалардың екі спортзалы бар, бастауыш сыныптарынан бөлек, жоғары сынып оқушыларына бөлек, асхана үлкен сыйымдылықта қаралған. Барлық жағдай жасалған бұл жерде.
Ақгүлім Әбдіхалықова, 11-сынып оқушысы:
- Заманауи кітапхана, іс-шара өткізуге арналған акт залы, арнайы жабдықталған кабинеттер біздің білім алуымыз үшін толыққанды бейімделген.