Елімізде 230 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан
Қазақстанда онкологиядан жыл сайын 10 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бұл ем-домның нашарлығы емес, азаматтардың салғырттығынан. Нақтырақ айтсақ, дәрігер көмегіне ісік ауруы асқынғанда ғана жүгінеді. Дерті үшінші, төртіші сатығы шыққандарға шипа қонуы қиын,-дейді мамандар. Қайтыс болатындардың көптігі де сондықтан. Негізі онкологияны анықтауға арналған скрининг те, оны емдеу де елімізде тегін жүргізіледі.
Қазақстандықтардың басты қателігі осы. Мамандар адамның жасына қарай дәрігерге қаралып тұруға кеңес береді. Жатыр мойнының обыры. Оған 30 жастан бастап әр төрт жыл сайын тексерілген жөн. Сүт безі. Ол бойынша 40 жастан асқандар әр екі жыл сайын момографиялық зерттеуден өтуге құқылы. Жиі кездесетін ауру қатарында тоқ ішектің қатерлі ісігі де бар. Аталмыш дертке 50 жастан асқандар әр екі жыл сайын қаралып отыруы қажет.
Бақтыбай Оразбеков, көпсалалы медицина орталығы директорының орынбасары:
- Ол ауырғанда келетін болса, ол өте кеш деген сөз. Қатерлі ісік ауырмайды. Ауырмай тұрып ерте табу керек. Сол кезде емделіп кетуге мүмкіншілігі жоғары. Скрингтің мақсаты – науқастарды 1-2-ші сатысында табу ғой. Ерте анықтау. Ерте тапқанда оның емі де өте тиімді болады.
Бауыржан Иманбеков, Торакальды онкология орталығының дәрігер-онкологы:
- Жылына 100 мың адамның ішінен 200 адам жаңадан есепке алынып отырады онкология бойынша. Емдеу нәтижесі сол науқастардың көбінде өкінішке орай асқынған 3-ші 4-ші сатыларынада келеді. Бірінші, екінші сатымен келгендердің көбі жазылып кетуі мүмкін. Нәтижелері жоғары. Сондықтан науқастар дер кезінде қаралып отыруы керек.
Біз тек бірнешеуіне тоқталдық. Негізі онкологияның түрі әлдеқайда көп. Өкпенің қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Одан кейін асқазанның қатерлі ісігі.
Елімізде жыл сайын шамамен 30 мың адамға операция жасалады. Ал 40 мың адамда жаман ару анықталады. Қазір жалпы онкологиялық есепте тұрғандар саны 230 мыңнан асыпты. Өкінішке қарай жыл сайын бұл дерттен 12 мың адам көз жұмады.
Бақтыбай Оразбеков, көпсалалы медицина орталығы директорының орынбасары:
- Бүгін ғана бір науқасты талқыладық. Өзі 17 жыл бұрын операция жасалған. Көп ай бұрын екінші сүт безіндегі ісікті байқаған. Соның өзінде келмей, ана ісік үлкен болып кеткенде келіп тұр амалы жоқтықтан, ауырғандықтан. Ол қатерлі ісіктің не екенін біледі, тез келсе болады ғой. Былтыр келсе, оның отасы тек операциямен бітетін еді. Биыл келді, енді гормонотерапия, химиотерапия, лучевой бәрін алатын болады.
Дәл осы сүт безіне скрингтен өту елімізде сонау 2008 жылдан бері жүйелі негізде жүргізіліп келеді. Қазір оның барлық түріне тексеріле аласыз. Тіпті медициналық сақтандыруы жоқ адамдар да тегін қаралады. Ал онкологиялық аурудың алдын алу адамның денсаулығын күтуден басталады. Ол – дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, темекі мен ішімдіктен бас тарту.
Ердәлет Ыбырайұлы, Айбек Ақшолақов