Қарағанды облысында 337 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр
Қарағанды облысында боран соңы аязға ұласып, түнде ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендеді. Қазір өңір бойынша 177 стационарлық және 160 жылжымалы жылыту бекеттері бар.
Әбдіғали Ахметов Шымкент қаласының тұрғыны. Ол жүк көлігімен тауар тасиды. Боран салдарынан жолдар жабылып, Балқаш қаласы маңындағы бекетте екі тәулік тұрыпты. Жолаушыларға тұрғындар мен кәсіпкерлер және жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек көрсетілген.
Әбдіғали Ахметов, жүргізуші:
- Өзіміз мынау оңтүстіктен келе жатырмыз. Қарағандыға бара жатырмыз. Кіріп тамақ, шайымызды ішіп жатырмыз. жылы жерде. Көмектесіп жатқан кісілерге алғысымызды айтамыз.
Ат құлағы көрмейтін боранда өңір құтқарушылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Түнде Осакаров ауданында қар құрсауындағы көлікті шығарып, жүргізушісін дер кезінде қауіпсіз жерге жеткізген. Облыс бойынша жолдардың бойында 177 стационарлық және 160 жылжымалы жылыту бекеттері бар. Мысалы, Балқаш маңында 700-ден астам көлік пен 6 автобус бірнеше тәулік бойы тұрды. Оларға арнайы палатка тігіліп, жергілкті мектеп-интернатының бірінде және мешітте жатын жатын орын ұйымдастырылды.
Марат Тұтқышов, Балқаш қаласы ТЖБ бас маманы:
- Қазіргі таңда бізде 31 жылыту пункті бар. Соның екеуі жұмыс істеп тұр. Бір палатка. Оның ішінде халыққа ыстық тамақ, шай берілуде.
Балқаш қаласы әкімдігі ауа райы қолайсыз күндері жолаушыларға көмек беру үшін жергілікті кәсіпкерлермен келісімге қол қойған. Соның негізінде жолда қалған жандар ыстық тамақ, қажетті заттармен және жатын орынмен қамтамассыз етіледі.
Жанмира Рахпанова, Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жолаушыларды тамақтандыру бойынша қаладағы 6 мейрамханамен келісімшарт жасалған. Кейбір кәсіпкерлер ыстық шай, нан мен қажетті заттарды өздері әкеліп берді. Жанармайы таусылып, оған ақшасы болмай қалған жолаушыларға да көмек көрсетеміз. Жатын орын, тіпті моншасына дейін ұйымдастырып беріп жатқандар бар.
Қарағанды облысында республикалық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы – 1422 шақырым. Оны күту, тазалау жұмыстарына «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы филиалының 134 техникасы жұмылдырылған. Боранды күндері күрежолдарды қар қалың басып, сала мамандарының күндіз-түні жұмыс істеуіне тура келді.
Ернұр Қайыров, №79 жол-пайдалану учаскесінің басшысы:
- Жол пайдалану учаскесінде 12 техника жұмыс істеп жүр. Бізде арнайы ұялы байланыс қосымшасы бар. Ауа райын содан қарап отырамыз. Көктайғақ, боранның алдында жолға құм сеуіп, техникаларды жұмылдырамыз. Кейде өзге учаскедегі әрптестерімізге көмекке баратын кездеріміз болады.
Өңірдегі республикалық жолдарда 275 қауіпті учаске бар. Ол жерлерге тұз, құм себіледі. Сонымен қатар қалың қар басатын жол бөлігіне ағаштан жасалған жылжымалы бөгеттер қойылады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков