Хабар телеарнасы

Павлодарда жылы аялдамалардың сапасы сын көтермейді

Жылы аялдамалар жұмысына павлодарлықтардың көңілі толмайды. Ыстық пен суықта пана болады деп салынған павильондардың кейбірі кешкі уақытта жабылып қалады. Ашық тұрғандары жылытылмайды. Тіпті кезбе адамдардың тұрақты мекеніне айналғандары да бар. 

Автобуста контролер болып жұмыс істейтін Гүлзат Әділшина қаладағы барлық аялдамаларды біледі. Жылы павильондар аязды күндері бір сәт аялдап, жылынып алуға қолайлы,- дейді ол.  Алайда бәрі бірдей талапқа сай келмейді.

Гүлзат Әділшина, контролёр:

- Жылы аялдамалар жылы емес, салқын. Күн жылыда ашық тұрады есігі, қалай аяз түседі, есігі жабық. ЦУМ-дағы аялдама да күндіз мұздай, жылу қоспайды ішіне, ал кешкі алтыдан кейін жауып тастайды кілтке. Ана Естайдағы өзі айналасы бірақ аялдама. Оның ішіне кіру мүмкін емес. Ішінде мас адамдар ұйықтап жатады.

Бұл Гүлзат Әділшина айтқан Естай көшесіндегі аялдама. Қоғамдық көлікті күткен адамдар оның ішке кіруге жиіркенеді. Аялдама шынында да ішкілікке үйір адамдардың тұрақты мекеніне айналғандай. 

Қалима Селембаева, қала тұрғыны:

- Менің ойымша аялдамалардың бәрін ауыстыру керек. Біресе шыныдан жасайды, енді міне, қаңылтырмен қаптап қойған. Кім  ойлап тапқанын білмеймін.

Облыс орталығында жылы аялдамалар баршылық. Дәл қазір халықты олардың саны емес, сапасы алаңдатады. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жағдайды бақылауға алған.

Айнұр Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі күні барлық жылы аялдамалар жұмыс істеп тұр.Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары күн сайын мониторинг жүргізіп жатыр. Ешқандай шағым жоқ.

Жылы аялдамалар – көлік күтіп тұрған адамдарға боран мен аяздан қорған болатын жалғыз орын. Павлодар қаласы бойынша олардың саны 12-ге жеткен. Төртеуі кәсіпкерлердің жеке қаражатына, қалғаны бюджет есебінен салынған. Жаңа жыл қарсаңында үш жаңа аялдама пайдалануға берілді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков