Хабар телеарнасы

СҚО-да биыл 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті еңбек нарығында әлі күнге дейін инженер, құрылысшы, дәнекерлеуші мен ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Бұл мәселе Петропавлда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Жиында тағы қандай мәселелер қаралды?

Түркістан облысының тумасы Ерболат Әбдірайымов 2016-шы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша Петропавлға келіп, Манаш Қозыбаев университетіне оқуға түсті. Қолына диплом алған соң осында қалып, қазір ағаш өңдеу зауытында жұмыс істейді. Айлығы – 350 мың теңге.

Ерболат Әбдірайымов, «Серпін-2050» бағдарламасына қатысушы:

- Және де Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жалдамалы тұрғын үй алдым. Енді өз пәтеріме ақша жинау мүмкіндігім болып жатыр. Тағы да қоса айта кететін жағдай – осы мен істеп жатқан зауытта менімен бірге оқыған студенттер жұмыс істегісі келеді.

«Қазақстан өңірлерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбы дөңгелек үстел басында талқыланды. Жиында жұмысшы мамандықтары, көші-қон, жастарды оқыту және еңбекпен қамту мәселелері сөз болды.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Мамандарды экономиканың нақты сұранысына қарай даярлау керек», - деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамытуды тапсырғанын білесіздер. Соған сәйкес әр облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін толық пайдаланымыз қажет.

Солтүстік Қазақстан облысының еңбек нарығында 2 мың жұмысшы мамандығы жетіспейді. Олар негізінен механизатор, тракторшы, инженер, дәнекерлеуші мен сантехник. Бұл ретте өңірдегі техникалық және кәсіптік колледждерге биыл 1742 оқу гранты бөлініп отыр. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы, өндіріс және экспорт саласында ерекше орын алады. Осы бағыттарды әрі қарай қарқынды дамыту үшін қосымша еңбек ресурстарына сұраныс болатынын анық. Осы кездесуге облыста іргелі жобаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпорындардың өкілдері мен білікті мамандарын да шақырдық. Олардың да пікірін білу біз үшін маңызды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев облыстық әкімдікте де алқалы жиын өткізді. Кездесуге мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам және діни бірлестік өкілдері қатысты. Олар экономика, рухани, мәдени және ұлтаралық қатынасты нығайту жайын талқылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков