Хабар телеарнасы

Елдегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға ₸6,8 трлн қажет

Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық нысандары мен желілерін жөндеу үшін 6,8 трлн теңге қажет. Мұны Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту ұлттық бағдарламасы 2029 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Ал керекті қыруар қаражат тек бюджеттен бөлінбейді. Оған банктердің жеңілдетілген несиесі, компаниялардың жеке қаржысы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы да тартылады. Жоспарға 29 жоба енгізілген. Оның 14-іне күрделі жөндеу қажет, 15-і жаңадан салынбақ. Қазір елдегі жылу, электр, су және кәріз жүйелерінің орташа есеппен 57 проценті тозған. Ұлттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл көрсеткішті 40 процентке дейін төмендетуге болады, - дейді Үкімет мүшелері.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл – өте ауқымды әрі күрделі жоба. Мұндай бағдарлама Қазақстанда бұған дейін болған емес. Бірақ енді уақыт созып жүруге болмайды. Екібастұздағы жағдайдың қайталануын күтудің қажеті жоқ. Өзге өңірлердегі нысандардың да оңып тұрғаны шамалы. Компаниялар әлі келгенше өз жыртығын өздері жамап отыр.

Бірақ жөндеу көрген энергетикалық және коммуналдық мекемелер тарифті де қымбаттауы мүмкін. Себебі олар жаңғыртуға кеткен қаржының бір бөлігін халықтың есебінен өтеп алуды қалайтыны жасырын емес. Алайда Ұлттық экономика министрінің орынбасары төлемақы көп көтерілмейді, - деп отыр. Оның үстіне келешекте ресурсты тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф енгізіледі. Одан бөлек, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың коммуналдық ақысын субсидияланады.