Атырау облысында ауыл шаруашылығы мамандары тапшы
Атырау облысында ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Бүгінде өңірге агрономдар мен мал дәрігерлері, техниканың тілін меңгерген мамандар қажет. Мәселені шешу үшін облыс орталығындағы аграрлы-техникалық колледжінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын хаб құру қолға алынған.
Мақат ауданы өндірістік мекен болғанымен, қазір ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді. Бірақ ата кәсіпті қолға алған шаруалар білікті мамандардың көмегіне зәру. Мал дәрігерінен бастап, техниканың тілін білетіндерге сұраныс жоғары.
Сағындық Мұқаш, шаруа қожалығының жетекшісі
-Жылқышым бар қожайынымен. Көмекшілер жоқ. Техниканы айдайтын механизатор жоқ. Шөп шабатын жеріміз жоқ. Жер болғанда да, механизатор жоқ. Осындай қиыншылықтар көп. Оның бәрін тізе берсек көп.
Оңайбай Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжі - ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын өңірдегі жалғыз оқу орны. Мұнда ветеринар, агроном, техник-механик секілді мамандықтар оқытылады. Республикалық «жас маман» жобасы аясында қажетті құрал-жабдықтар да алынған. Енді студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін арнайы хаб құру жоспарланып отыр.
Маржан Ләпиденова, О. Көшеков атындағы агро-техникалық колледжі директорының орынбасары:
-Үлкен бір ветеринарлық клиника ашқымыз келеді. Сол жобаны ұсынып жатырмыз. Оның ішінде мал бағатын заманауи қоралары да болады. Теплицасы да болады. Оның ішінде операционный зал да болады, процедурный да болады. Оған біздің оқытушылардың потенциалы жетеді.
Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық АШБ бас маманы:
-Үй сатып алуға, баспана сатып алуға бір реттік ақша түріндегі қаражат қарастырылған. Оқу орындарымен жыл сайын жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оқу орындарының шақыртуы бойынша басқарма тарапынан мамандар қатысады.
Өңірде мал шаруашылығымен айналысатын 2300-ден аса құрылым бар. 100-ге тарта кәсіпорын асыл тұқымды мал өсіреді. Бірақ маман тапшылығы саланың ілгерілеуіне қолбайлау болып отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин