Қызылорда облысында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Қызылорда облысында 21 жайлы мектеп салу жоспарланған. Бүгінде оның 4-еуі пайдалануға берілді. Соның бірі Арал қаласынан бой көтерген. Өңірде денсаулық сақтау нысандары да салынып жатыр. Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынды аурухана іске қосылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қанша амбулатория қолданысқа берілді?
Арал қаласында ашылған «Жайлы мектеп» 300 орынға шақталған. Жаңа білім ұясы екі мектептің жүктемесін азайтуға сеп болады. Нөмірі 62 және 220-шы мектептерде білім алып келген 2 мың 600 баланың 500-ге жуығы осы жайлы мектепке ауысады. Мұнда пәндік кабинеттер, 2 спорт және хореография залы бар. Оқушылар робототехникамен айналысып, коворкинг аймақтарында тыныға алады.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- «Жайлы мектептердің» негізгі ерекшелігі трансформер парталар және балалардың қауіпсіздігі, заманауи талаптарға сәйкестендірілген технологияларды игеру болып табылады.
Ал Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға шақталған аурухана пайдалануға берілді. Бұл елді мекенде 12 мыңдай халық тұрады. Ескі аурухананың іргетасы ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған. Тозығы жеткен ғимараттың кем-кетігі көбейгесін, жаңасы салынды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
-Ауылдағы кісілердің, ауылдағы біздің балаларымыздың қаладан ешқандай айырмашылығы жоқ. Барлық жағдай бірдей жасалу керек, ауылда да, қалада да деп Мемлекет басшымыз үлкен осындай бастамаларды көтеріп, тікелей өзі басшылық жасап, осындай үлкен жобаларды біздің елді мекендерде жүзеге асыруда.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Тиісті медициналық көмекті көрсетуге барлық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Лаборатория қызметі, ультрадыбыстық зерттеу, рентген аппараты осы сексеуіл халқының тұрғындарына аудан орталығына бару қажеттілігі болмайды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин