Хабар телеарнасы

Беташар дәстүр ме, шоу ма?

Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енді. Дәстүріміз әлемдік деңгейде ұлықталып жатқанда этнограф ғалымдар «қазіргі қоғам беташардың мәдениеті мен мағынасын түсінбейді» деп алаңдайды. Ал тойды тізгіндеп жүргендердің кейбірі жаңа түскен келіннің алдында қисынсыз келеке мен әжуа жасауға құмар. Салт-дәстүрімізді қаншалықты қадірлеп жүрміз? Қазір өңірлерде беташарлар қалай өтіп жатыр? 

Беташар той ма, шоу ма? Бұлай сұрақ қоймасқа амал қалмады. Әдемі дәстүр даңғазалық пен мал шашпақтыққа айналып барады. Салтымызда қыздың беті бір-ақ рет ашылушы еді. «Қазір есік көрген қыздар да, екінші рет ақ орамал астында тұра береді. Бұл дәстүрге дақ», - дейді той басқарып жүрген тәжірибелі асабалар.

Аманжол Шынболат, асаба:

-Біз шоуды жақсы көріп бара жатырмыз. Бір келіннің басына ақ орамал жауып қойып, үш жаққа үш домбырашыны әкеліп қойып, үш жақтан жыршы бет ашып, оны да көріп жатырмыз. 45-ке келіп, бет ашып жатқандар да бар. Олардың беташары шоу болып жатыр. QR-ды қойып.

Этнограф мамандардың айтуынша, қазіргі беташарлар - дәстүрімізді қорлау. Адамзат тарихында ақ мата не ақ орамал тек өлікке жабылған. Демек үйден ұзатылып бара жатқан қыз өскен отбасы үшін өлгенге саналған. Ал келін болып түскенде, ақ орамалын ашып, өмірге қайта келуіне, екі қолынан сүйеп тұрған екі жеңгесі көмектескен.

Берік Аймағанбетов, этнограф:

-Анау өлген адамды қайта тірілтіп алу. Сенің ендігі ата-анаң мінекей, атаң мынау, енең мынау, қайын ағаң мынау, қайын інің мынау деп барлығын таныстырады. «Бір тойда, екі жарлық болмайды» дейді ғой тойда қазақ. Адам бір рет сол нәрседен өткеннен кейін, оған қайтып бет ашу болмайды. Әбес нәрселерді көп айтады. Келінге қайын ағасы ақшалылау болса, қалтасы қалыңдау біреу болатын болса, соған төрт сәлем, бес сәлем деген сияқты біздің дәстүрімізде жоқ, дәстүрімізге жат нәрселерді қалтасынан ақша шыққанша сондай нәрселерді жасайды. Бұл мүлде дұрыс емес дүние.

Әр елдің салты басқа. Батыста келіннің басына жабылған орамалға қызыл, ақ, жасыл түсті орамалдарды жалғап байлайды. «Қыздық дәурен аяқталып, енді бір әулетте ақ келінсің. Кейін үбірлі-шүбірлі болып, сол әулеттің өрісін кеңейт», - деген өсиет екен. Ал орамалдың екінші ұшын әшекеймен бірге сабау таяққа байлайды. Оңтүстік өңірлерде беташар жақын ағайындар мен көрші қолаң жиналып көретін шағын той. Ал басқа жақтарда үйлену тойымен астасып кеткен. Дегенмен елордалық тұрғындар: «Қазір беташарды жеке той ретінде жасау қып-қызыл шығын», - дейді.

Беташар ЮНЕСКО комиссиясының ұзақ талқылауынан кейін былтыр Парагвай астанасы Асунсьонда 58 элементтің арасынан ерекше деп таңдалған еді.

Ардаби Мәулет, ҚР МАМ мұраны ғылыми-зерттеу институты қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі:

-Бірінші Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Ол комиссияның төрағасы біздің мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза. Заявка ретінде дайындағын белгілі ғалым Жанерке Шайғозова болатын. Беташардан бұрын бізде 13 элемент ЮНЕСКО-ның тізіміне енді.

Иә, 10 жыл бұрын алғаш рет «Домбырамен күй орындаудың өнері» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралардың тізіміне енген болатын. Содан бері қазақ күресі, асық ату, қазақ жылқышыларының көктемгі мерекелік салттары, айтыс, наурыз және Қорқыт ата мұрасымен қазақтың ұлттық элементтері халықаралық деңгейде қорғалады.

Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов, Аян Сәрсенбаев